Орталық Азия және Әзербайжан: VIII Консультативтік кездесу өтті
Президент Орталық
Азия мен Әзербайжан саудасын 20 млрд долларға жеткізуді ұсынды. Оған аймақтың
әлеуметтік мүмкіндігі жетеді. Былтыр өңір ішіндегі сауда көлемі 13 млрд доллар
болған. Бүгін Түрікменстанда Орталық Азия және Әзербайжан басшылары VIII
Консультативтік кездесу өткізіп, аймақты дамытудың бірқатар мәселесін қозғады.
Авазадағы бас қосу барысын әріптесім Дильназ Ерланқызы баяндайды.
Дильназ Ерланқызы, тілші:
– Каспий теңізінің жағасындағы «Аваза» курорттық аймағын бүгін Орталық Азияның маңызды саяси алаңына айналды. Бұл – Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының сегізінші Консультативтік кездесуі. Алғаш мұндай форматтағы кездесу 2018 жылы Қазақстанда ұйымдастырылған. Содан бері көшпелі форматқа ұласқан.
Президент ұсынысы: Орталық Азия елдері сауданы $20 млрд-қа жеткізу керек
Консультативтік кездесудің мақсаты – 6 елге ортақ мәселелерді талқылау, бірлескен келісімдер жасау. Бүгінгі 8-ші жиында талқылануы тиіс басты тақырыптың бірі – экономикалық байланысты күшейту. Қазір Орталық Азия елдерінің өзара сауда-саттығы 13 млрд доллар шамасында. Қасым-Жомарт Тоқаев оны ұлғайтуды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Былтыр өңір ішіндегі сауда көлемі шамамен 13 миллиард долларды құрады. Бұл елдеріміздің жалпы тауар айналымының 8 пайызына жуық. Сондықтан үкіметтерімізге өзара сауда үлесін арттырып, осы көрсеткішті кемінде 20 миллиард долларға жеткізу үшін бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу және қабылдау жөнінде міндет жүктеген дұрыс.
2040 жылға қарай Каспий арқылы жүк тасымалы 4 есе ұлғаяды
Әрине, ортақ
сауда-саттықты ұлғайту үшін логистиканы қалыптастыру тетігін жетілдіру қажет.
Өйткені Орталық Азияның әлеуеті жеткілікті, территориясы жаһандық экономика
желісіне қосылуға ыңғайлы. Қазақстан Президенті өңірдің транзиттік әлеуетін
арттыру үшін бірқатар жобаны да жиында атады. Мәселен, Мойынты – Қызылжар,
Дарбаза – Мақтаарал бағыттарындағы теміржол құрылысы аяқталуға жақын. Келесі
жылы Бақты – Аягөз бағыты ашылуы тиіс. Ал Қазақстан үшін стратегиялық
бағыттардың бірі – Каспий арқылы өтетін «Орта дәліз» желісі. Алдағы 15 жылда
Каспий арқылы өтетін жүк ағынын 4 есе арттыруға мүмкіндік бар. Мұны
Дүниежүзілік банкінің өзі бағалаған.