Қазақстан мен Әзербайжан сауда-саттығы 1 млрд долларға жеткізіледі
Сондай-ақ, осы саммит
аясында Мемлекет басшысы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен жеке кездесті.
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммитіне қатысуға
шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Ильхам Әлиевке алғыс айтып,
саммиттің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Кездесу барысында
мемлекет басшылары өңірдегі бірегей жоба – Транскаспий талшықты-оптикалық
байланыс желісін іске қосудың маңызына тоқталды. Теңіз табанымен жүргізілген
желі екі елдің цифрлық байланысын күшейтіп, Еуропа мен Азия арасында тағы бір
цифрлық дәліздің пайда болуына ықпал етеді. Осылайша, тұтас өңір тың
мүмкіндіктерге қол жеткізеді. Қазір екі ел арасындағы сауда-саттық көлемін бір
миллиард долларға жеткізу жоспарланған. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен
Ильхам Әлиев қазақ-әзербайжан стратегиялық серіктестігін одан әрі тереңдетуге,
сондай-ақ екіжақты күн тәртібінің барлық бағыты бойынша қол жеткізілген
уағдаластықтарды дәйекті түрде іске асыруға бейіл екенін растады.