Қазақстан сирек кездесетін жануарларды қорғау үшін халықаралық қор құрмақ
Қазақстан сирек
кездесетін жануарларды қорғау үшін халықаралық қор құрмақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Ереванда
өткен COP17 саммитінде осындай бастама көтерді. Сондай-ақ, Астанадағы Alem.AI
орталығының мүмкіндіктерін пайдаланып, биоалуантүрлілікті зерттеу мен
экологиялық қауіптерді ерте анықтауды ұсынды. Ал Алматыда БҰҰ-ның экологиялық
мәселелер жөніндегі өңірлік кеңсесі ашылуы мүмкін. Арменияда өткен жиынға бес
мемлекет басшысы, БҰҰ Бас хатшысы және ондаған халықаралық ұйымдардың өкілдері
қатысты. Президент тағы қандай мәселелерді қозғады? Еревандағы әріптесім
Дильназ Ерланқызы жалғайды.
Дильназ Ерланқызы, тілші:
- Кавказдың таулы аймағында орналасқан Армения көрікті табиғатымен танымал. Тауы мен орманы, шалғыны мен даласы бар бұл өлкенің табиғаты алуантүрлі. Ал сол байлықты сақтау бүгінде бүкіл әлемге ортақ міндетке айналып отыр. Себебі экологиялық мәселе шекарамен шектелмейді. Бұл жаһандық жауапкершілік. Бүгін осы ортақ жауапкершілікті арқалаған әлем көшбасшылары Ереванда бас қосып отыр. Армения астанасында экологиялық мәселелерді ортаға салатын COP17 саммиті басталды.
Президент саммитте
алғашқылардың бірі болып сөз сөйледі. Әуелі Қазақстанның табиғатты қорғау
бағытында атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды. Мәселен, осыдан 20 жыл бұрын
киіктің саны күрт азайып, жойылып кету қаупі төнген еді. Қазір әлемдегі
киіктердің 98 пайызына жуығы қазақ даласын мекендейді. Қар барысының да қатары
көбейіп келеді. Жетпіс жыл бұрын жоғалып кеткен Амур жолбарысы қайтадан табиғи
ортаға жіберілді. Мемлекет басшысы бұл бастамаға қолдау көрсеткен Ресейге және
өзге де халықаралық серіктестерге алғыс білдірді.