Жекеменшік мектептерді қаржыландыру тәртібі өзгереді
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасына бөлінген қаражаттың жұмсалуы мемлекеттік аудиттен тексеріледі. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеген. Аудиттен бөлек Үкімет жекеменшік мектептерді қаржыландыру тәртібін қайта қарауды қолға алмақ. Енді оқушы орны тапшы емес елді-мекендерде ашылатын жаңа жеке мектептерге бюджеттен қаржы бөлінбейді. Сондай-ақ қымбат оқу орындарын мемлекеттік қаржыландыруды шектеп, оның орнына мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында балаларды тегін оқытатын жекеменшік мектептерді қолдауға басымдық беру жоспарланған. Қазір елде 881 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Оның 749-ы мемлекеттік тапсырыс бойынша қызмет көрсетіп, 200 мыңнан астам оқушыны оқытып отыр. Бұдан бөлек, жыл басынан бері 30 жекеменшік мектептің ғимараты заң талаптарына сәйкестендірілді. Тағы 133 нысанда тексеру жалғасып жатыр. Ереже бұзған білім беру ұйымдарына мемлекеттік қаржыландыру тоқтатылып, лицензиясынан айырылуы мүмкін.