Жайық жағалауы нығайтылды

Жайық жағалауы нығайтылды

Орал қаласы маңында экологиялық саябақ құрылады. Бұл туралы облыс әкімі Нариман Төреғалиев мәлімдеді. Аймақ басшысы қала күні қарсаңында сәтті аяқталған жоба – Жайық жағалауын нығайту жұмыстарын көрді. Шаһар мерекесімен құттықтай келген шетелдік меймандар да демалыс аймақтарын аралап, тынымбақтардың біріне көшет отырғызды.

¤

2024 жылғы көктемді оралдықтар оңайлықпен ұмыта қоймас. Жайық арнасынан асып, жағадағы жұртты әбден шошытты. Ел бірлігінің арқасында ауыл мен қала апаттан аман қалды. Шұғыл шешімдер қабылданып, нақты жобалар қолға алынды. Сол кездегі қауіпті учаске қазір адам танымастай өзгерді.

Марат Молдашев, БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

- Облыс әкімінің қолдауымен осы жерге 1,6 млрд ақша бөлініп, жергілікті бюджет есебінен. 25-жылы осы жағалауды бекіту жұмыстары басталып кетті. Қазіргі кезде осы жағалауды бекіту кезінде жалпы ұзындығы 669 метр жағалау бекітілді.

Жоба Чичерная көшесінен кемежайға дейінгі аралықты қамтиды. Қос мердігер жағалауды бекітіп қана қоймай, төңіректі демалыс аймағына айналдырды. Төсемтастар төселіп, жарықшамдар орнатылды. Орындықтар мен камералар қойылды. Облыс әкімі мұндай жобалар жүйелі жалғасатынын жеткізді. Президент тапсырмасына сәйкес Жайық жағалауында жаңа экосаябақ құрылады.