Жасанды интеллект нарығының әлеуеті 50 трлн доллардан асады
Қазақстан жасанды интеллект экономикасының 5 бағытын қатар дамытпақ. Олар - энергия инфрақұрылымы, чиптер, бұлтты платформалар, үлкен тілдік модельдер және дайын AI шешімдер. Бұл туралы Жаслан Мәдиев AI and Digital Bridge форумы аясындағы панельдік сессияда айтты. Оның сөзінше, әлемдік жасанды интеллект нарығының әлеуеті қазірдің өзінде 50 триллион доллардан асады. Қазақстан әзірге чип өндірмейді. Сондықтан қажетті технологияларға қол жеткізу үшін Батыс және Шығыс елдерімен серіктестік қатар дамытылады. Ал үлкен тілдік модельдер қазақстандық контент пен жергілікті мәдени ерекшелікке бейімделмек. Министр ел үшін ең үлкен мүмкіндік дайын AI шешімдерін енгізуде екенін айтады. Яғни жасанды интеллектіні экономика мен бизнестен бастап, адамдардың күнделікті өміріне дейін кеңінен қолдану көзделіп отыр.