Жаһандағы қақтығыстардан әлем экономикасы $22 трлн шығын көрді

Жаһандағы қақтығыстардан әлем экономикасы $22 трлн шығын көрді

22 трлн доллар – былтыр әлем экономикасы осындай шығын көрген. Бұған жаһандағы қақтығыстар мен геосаяси текетірес басты себеп. Енді тұтас рецессияға ұшырамас үшін оған тоқтам жасап, дипломатияны күшейту қажет болып тұр. Нью-Делиде өткен «БРИКС плюс» саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп, жаһандық саяси ортаны диалогқа шақырды. Ядролық державаларды жаңа қауіптердің алдын алуға үндеді. Самитте Қазақстан Президенті тағы қандай ұсыныстар жасады. Сүндет Оралбек айтып берсін.

БРИКС – әлемдегі алауыздықты азайтып, нақты нәтижеге қол жеткізуге жауапты ұйым. Бүгінде бірлестік жаһан жұртының жартысына жуығын біріктіріп, әлемдік жалпы ішкі өнімнің 40 пайызын қамтып отыр. Алайда, қазіргідей қарулы қақтығыстар ушығып, санкциялар садақтың оғындай жауған кезеңде халықаралық қоғамдастықтың әлеуетін толық іске асыру мүмкін емес. Себебі, шиеленістердің салдарынан көпжақты институттар әлсіреп, сауда кедергілері көбейді. Мәселен, былтыр жаһандық экономика 22 трлн доллар көлемінде зиян шекті. Бұл әлемдік ішкі өнімнің 10 пайызына тең. «БРИКС плюс» саммитінде сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси диалог пен дәйекті дипломатияны күшейту қажет екенін атап өтті. Себебі, жанжалдарды ушықтырмай, келіссөздер арқылы шешу – әлемде ұзақ мерзімді бейбітшілік пен тұрақтылық орнатудың маңызды жолы саналады.