Тауар экспорттаушыларды қолдайтын платформа іске қосылды
Шымкент – еліміздің жетекші экспорттық аймақтарының бірі. Мұндағы мыңдаған кәсіпорын өз өнімін шетелге шығаруға қауқарлы. Олардың бірқатары Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігімен серіктестік аясында экспорттық әлеуетін арттырды. Экспорттық тәуекелдерді сейілту мақсатында кәсіпорын экспорттық келісімшарттарды сақтандыру және экспорт алдындағы қаржыландыруды сақтандыру құралдарын қолданады. Агенттік қолдауымен кәсібін дамытып отырған бірқатар өндіріс орындарына арнайы баспасөз турын ұйымдастырды.
«Шымкентмай» АҚ – Қазақстан аумағындағы май-тоңмай саласының ең ірі тауар өндірушілердің бірі. 80 жылдық тарихында зауыт мақта майынан бастап күнбағыс, соя, мақсары және рапс майларын шығарады. Кәсіпорын «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ-мен серіктестік байланысты 2018 жылдан бері жүзеге асырып келеді. Серіктестік аясында көрсетілген жалпы қолдау көлемі 28,5 млрд теңге болып отыр, оның 4 млрд теңгесі биылғы кезеңге тиесілі.
Нұрсұлтан Қараджанов, «Шымкентмай» АҚ өндіріс директоры:
-Логистика жағынан бізде ешқандай кедергі жоқ. Қасымызда бізде КТЖ Шымкент стансасы бар. 17 подъездной путь бар бізде. Біздің 90 процент өнім ол экспортқа кетеді. Теміржол жолдары мен автомашина бойынша толығымен реализация жүреді.
Экспорттық әлеуетін арттырған тағы бір кәсіпорын – «Stroi Construction» ЖШС. Зауыт инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік металл конструкцияларын өндіреді. Заманауи технологиялар кез келген күрделі тапсырысты жоғары дәлдікпен орындауға мүмкіндік береді. Кәсіпорынның агенттіктен алған сақтандыру қолдауы 6,1 млрд теңгені құрады. Осының арқасында олар Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай және Түркия нарықтарына нық қадам басты.
Мұхтар Жәмішжанов, «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ баспасөз қызметі басшысының орынбасары:
-Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі Мемлекет басшысының экспортты күшейту мәселелері бойынша тапсырмасын орындай отыра өзінің қолдау көлемін жыл сайын арттырып келеді. Дәл қазір 8 ай қорытындысы бойынша 80 жуық компания қолдау тауып отыр. Осы қолдау тапқан жобалардың арқасында 1,7 триллион теңге ел экономикасына құйылып жатыр.
Аталмыш кәсіпорындар Агенттіктің қаржылық-сақтандыру
механизмдерін пайдалана отырып Өзбекстан Республикасы мен Тәжікстан, Қытай
Халық Республикасы мен Түркия Республикасының нарығына шықты. Агенттік терең
өңделген өнеркәсіптік компаниялардың шетел нарығына қауіпсіз жағдайда шығуын
және ондағы позициясын нығайтуын қамтамасыз ете бермек.