Silk Way Star Қытайда: Халықаралық байқаудың екінші маусымы басталды

Silk Way Star Қытайда: Халықаралық байқаудың екінші маусымы басталды

Қытайда қазақстандық Silk Way Star халықаралық вокалдық шоуының екінші маусымының түсірілімі ресми түрде басталды. Иу қаласында өтетін байқауға 12 елдің өнерпазы қатысуда. Олар: Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Вьетнам, Малайзия, Түркия, Сербия, Оңтүстік Африка Республикасы, Жаңа Зеландия, Бразилия және Грузия. Барлығы да ең мықты деген вокалистерін жіберген. Қазақстан атынан әнші Рухия Байдүкeнова қатысып жатыр. Ресми рәсімде сөз сөйлеген «Jibek Joly/Silk Way» телеарнасының басқарушы директоры Еркежан Күнтуған 2025 жылғы маусымда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин осы жобаны жүзеге асыру туралы келісімге қол қойғанын атап өтті. Сондай-ақ "Қасым-Жомарт Тоқаев жобаны «заманауи мәдени дипломатияның үлгісі» деп атағанына назар аударды. Екінші маусымның форматы жаңартылған. 10 шығарылым бойы барлық қатысушы өнер көрсетуін жалғастырады, ал жеңімпаз жинаған ұпайлардың жалпы нәтижесі бойынша анықталады. Айта кетейік, Silk Way Star - Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені мен China Media Group-тың бірлескен жобасы.