Шымкент: Қалдықтан қуат өндіріледі

Шымкент: Қалдықтан қуат өндіріледі

Шымкентте қоқыстан электр энергиясын өндіретін кешеннің капсуласы салынды. Іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Shaanxi Construction Engineering Kazakhstan Co., Ltd» компаниясының басшылығы қатысты. Ауқымды инвестициялық жоба Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында іске асырылуда.

Жаңа зауыт тәулігіне шамамен 1000 тонна қатты тұрмыстық қалдықты термиялық кәдеге жаратып, сағатына 24 Мегаватқа дейін электр энергиясын өндіреді. Бұдан бөлек зауыттан шыққан күлден құрылыс материалдарын өндіру де көзделген. Бір сөзбен айтқанда қоқыс қалдықсыз өңделеді.

Ян Хайшэн, «Shaanxi Construction» компаниясының төрағасы:

- Жалпы біздің бұл салада мол тәжірибеміз бар. Қалдықты өңдеу әлемдегі ең бірінші мәселе. Сондықтан тұрмыстық қалдықты кәдеге жарату экологиямен қатар экономиканы да ілгерлетуге сеп болады.

Жобаға 54 млрд теңгедей инвестиция тартылған.  Құрылысы екі жылда бітеді. Сол кезде 80 тұрақты жұмыс орны ашылады. Кешенде қалдықтарды термиялық жолмен қайта өңдейтін озық технологиялар қолданылады. Жоба қалдықтарды басқарудың тиімді жүйесін дамытуға, қоршаған ортаны қорғауға және қаладағы экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған.

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының  әкімі:

- Бұл кешен қатты тұрмыстық қалдықтарды тиімді термиялық кәдеге жаратып қана қоймай, электр энергиясын өндіруге, заманауи технологияларды енгізуге және қаладағы экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Инвестор мен серіктестерімізге сенімі мен бірлескен жұмысы үшін алғысымды білдіремін.

Бүгінде  Шымкент пен Қытайдың Сиань қаласы арасындағы бауырластық байланыс нығайып келеді. Жаңа зауыт соның бір парасы ғана. Қала әкімі жобаны жүзеге асыруға үлес қосып отырған инвесторларға алғыс білдірді. Өйткені -қоқыстан қуат өндіретін кешен - қалдықты кәдеге асырып, қаланың экологиялық жүктемесін жеңілдететін бірегей бастама.