Сауалнама: респонденттердің 72%-ы сайлауда дауыс беруге дайын
Респонденттердің 72%-ы сайлауда дауыс беруге дайын. Еуразиялық интеграция институты жүргізген әлеуметтік сауалнама осындай қорытынды шығарған. Оған 1600-ден астам адам қатысыпты. Сауалнамаға қатысушыларға: «Егер сайлау алдағы жексенбіде өтсе, сіз дауыс беруді жоспарлап отырсыз ба?» деген сұрақ қойылған. Нәтижесінде респонденттердің басым бөлігі «иә» деген жауап берген. 14%-ы дауыс беруден бас тартса, қалғандары әлі нақты шешім қабылдамағанын айтқан. Сондай-ақ «Сіз қай партияға дауыс берер едіңіз?» деген сұрақ та қойылыпты. Жауаптарға қарағанда «Әділет» партиясы көш басында. Сауалнамаға қатысқандардың 61%-ы оны таңдаған. Екінші орында 5%-дық көрсеткішпен «Ауыл» партиясы тұрса, Respublika мен «Ақ жол» партиясына сенім 4% шамасында. Қазақстан Халық партиясы мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы 3,5%-дан қолдау алған. Ал «Байтақ» жасылдар партиясына дауыс берер едім дегендер 1%-ға да жетпейді. Зерттеуде респонденттердің жасы, жынысы мен тұрғылықты жері толық ескерілді. Сауалнаманың қателік шегі бір жарым пайызға да жетпейді.