Qostanai Dala Fest: агросаладағы жаңа мүмкіндіктер алаңы
Қостанай облысында елдегі ең ірі аграрлық жиын өтіп жатыр. Өңірдің 90 жылдығына арнайы ұйымдастырылған Qostanai Dala Fest-те ауыл шаруашылығы саласының мамандары, фермерлер, ғалымдар мен кәсіпкерлер бас қосты. Ал көрмеге жүздеген заманауи техника, цифрлық шешімдер мен ауыл шаруашылығына арналған жаңа технологиялар қойылған.
Фестиваль бүгінде көрме ғана емес, тәжірибе мен серіктестік тоғысқан маңызды алаңға айналған. Биыл да мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелден келген ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілер, агробизнес өкілдері мен фермерлер бас қосты. Ресми ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қатысты.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Қостанайдағы далалық фестиваль ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін маңызды алаң. Мұнда олар әлемдік тәжірибемен танысып, жаңа технологияларды көре алады, өзара тәжірибе алмасып, жаңа серіктестік байланыстар орнатуға мүмкіндік алады.
Фестивальдің басты
көрмесіне көп тонналы комбайндар, дәлдікпен жұмыс істейтін ұшқышсыз жүйелер
және цифрлық басқару технологиялары қойылған. Қонақтар жаңа техниканы жақыннан
көріп қана қоймай, оның жұмысын іс жүзінде бағалауға мүмкіндік алды.