QazTrade Retail: агроөнімдерді сатудың жаңа платформасы іске қосылады
Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуға арналған ірі аграрлық маркетплейс іске қосылады. Оған QazTrade Retail атауы берілмек. Платформа отандық өндірушілердің ішкі және сыртқы нарыққа шығуына мүмкіндік бермек. Бұған дейін маркетплейсті іске қосуға республикалық бюджеттен 51 млн теңге бөлінеді деген ақпар айтылған. Дегенмен, бүгін Үкіметте агромаркетплейс жеке инвестициялар есебінен құрылады, деді Сауда министрі. Өнімдерді сыртқы нарықта өткізу үшін қазақстандық өндірушілердің Gulfood және China International Import Expo секілді халықаралық көрмелерге қатысуы кеңейтіледі. Шикізаттық емес экспортты арттыруға 2026-2028 жылдары 11 млрд теңге бөлінеді. Әзірге бұл міндетті ашық жәрмеңкелер атқарып келеді. Мәселен, қазір елде жыл сайын 10 мыңнан астам жәрмеңке өткізіледі. Онлайн платформа бірінші кезекте шаруалар үшін маңызды болмақ. Яғни, өнімдерін өткізетін тағы бір сауда алаңы пайда болады. Айта кетейік, Қазақстанда шілде айының қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,3%-ға төмендеді.