Президенттің Германияға ресми сапары бүгін Мюнхенде жалғасты

Президенттің Германияға ресми сапары бүгін Мюнхенде жалғасты

Берлиндегі қазақ-герман бизнес форумы нәтижесінде жалпы құны 2 миллиард доллардан асатын 30 құжатқа қол қойылды. Президенттің Германияға ресми сапары бүгін Мюнхенде жалғасты. Мұнда да технологиялық бизнес форумы өтіп, екі ел кәсіпкерлері жаңа өндірістер мен бірлескен жобаларды талқыламақ. Мюнхендегі кездесулердің мән-жайын Дильназ Ерланқызы тарқатсын.


¤¤

Берлиндегі саяси келіссөздерден кейін Президенттің сапары енді бизнес пен технология саласына ойысады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға ресми сапары Мюнхенде жалғасып жатыр. Президент Бавария астанасына технологиялық бизнес форумына қатысу үшін келді. Мақсат - бірлескен жобаларды еселеп, инвестиция тарту.

Бавария – Германияның ғана емес, күллі Еуропаның экономикасында өзіндік орны бар ірі өңір. Мұнда әлемге танымал алпауыт компаниялардың талайы шоғырланған. Сондықтан Президент Мюнхенге қона сала, Германия экономикасын алға сүйреп отырған үш бірдей компанияның өкілдерін жеке-жеке қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев неміс технологиясын Қазақстан өнеркәсібіне кеңінен енгізуге мүдделі. Атап айтқанда, өндірісті автоматтандыру мен цифрландыру, көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға баса мән беріп отыр. Сондай-ақ, түсті және сирек металдарды бірге терең өңдеуге шақырды.