Президент құтқарушыларға мемлекеттік наградалар табыстады
«Ауыл құтқарушылары» бастамасы
бүкіл ел аумағында кеңінен қолданылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай
міндет қойып, құтқарушылардың қауіпсіздігін күшейтіп, қажетті жағдай жасауды
тапсырды. Бүгін Мемлекет басшысы Құтқарушылар күніне орай Ақордада бір топ
маманға мемлекеттік наградалар табыстады. Адам өміріне араша түсіп, ел
қауіпсіздігін күзеткен құтқарушылардың еңбегі туралы тілшіміз Дильназ
Ерланқызының материалында.
Дильназ Ерланқызы, тілші:
- Олар - тілсіз жаумен тайталасқан, уақытпен жарысқан, үміт үзілген сәтте адам өміріне араша түскен жандар. Бірі өртпен күрессе, бірі қар құрсауында қалғандарға көмекке асығады. Бүгін ел тыныштығы мен адам өмірін күзеткен осы мамандық иелері Ақордада.
Ақорда төрінде тізіліп, Президенттің қолынан марапат алатын сәтін күтіп тұрғандардың қатарында Нұрсұлтан Жалғасов бар. Тоғыз жылдан бері тілсіз жаумен тайталасқан өрт сөндіруші өзі құтқарған адамдардың санына есеп жүргізіп көрмеген. Өйткені оған аман қалған адамның алғысы қымбат. Қызметіне аттанған сайын жақындарымен қоштасып шығатын оның әр сапары тәуекелге толы. Бірақ қауіпке қарамастан, көмекке ұмтылу кәсіби парызы деп санайды. Себебі ол үйдегі кішкентай ұлының қаһарманы. Үлкені әке жолын қумақ.
Нұрсұлтан Жалғасов, Қызылорда қаласы төтенше жағдайлар басқармасы № 6 Өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы:
- Ұлым бар, ол да мен сияқты өрт сөндіруші болғысы келеді. Папам Прездиенттің қолынан медаль алады деп қанша күннен бері айтып жүр. Менің киімдерімді үйде киіп алып жүреді.
Ал, Дархан Рысбаевтың
еңбек өтілі он жеті жыл. Ол асқар шыңдар мен құз-жартастарды кезіп, қиындыққа
тап болған жандарға көмекке ұмтылады. Мұнда уақытпен санасуға да, сәл кідіріп
қалуға да болмайды. Құтқарушы уақыт оздырмай көмекке жеткен бір сапарын еске
алды.