Президент мақаласы: Қазақстан Германияға өндірістік серіктестікті кеңейтуді ұсынды

Президент мақаласы: Қазақстан Германияға өндірістік серіктестікті кеңейтуді ұсынды

Қазақстан Германияға стратегиялық маңызды шикізатты бірге игеріп, одан қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұсынып отыр. Мемлекет басшысы бұл бастаманы «Handelsblatt» басылымындағы мақаласында жариялады. Біздің елде Еуропа экономикасы үшін маңызды 34 шикізаттың 21 түрі өндіріледі. Оның ішінде литий, кобальт, вольфрам, мыс және кремний бар. Президенттің ұсынысы – кенді тек экспорттау емес, геологиялық барлаудан бастап, өндіру, өңдеу, компонент шығару және қайта өңдеуге дейінгі толық өндіріс тізбегін Қазақстанда қалыптастыру. Былтыр екі ел арасындағы сауда көлемі 9 миллиард долларға жуықтады. Қазақстанда неміс капиталы бар мыңнан астам кәсіпорын тіркелген. Ал Еуроодақ импорттайтын мұнайдың шамамен 13 пайызы, табиғи уранның 20 пайызы бізге тиесілі. Былтыр Германияға 10 миллион тоннадан астам мұнай жеткізілді. Қазақстанның тағы бір артықшылығы – Еуропа мен Азияның ортасындағы көлік жолы. Қытайдан Еуропаға құрлықпен жөнелтілетін жүктің шамамен 85 пайызы еліміз арқылы өтеді. Биыл сегіз айда Транскаспий дәлізіндегі жүк көлемі 22 пайызға, Шығыс пен Батыс арасындағы транзит 55 пайызға артқан. Жаңа бағыттар Қытай мен Еуропа арасындағы жолды 1 мың шақырымға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Осылайша Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға шикізат көзі ғана емес, өндіріс пен транзитті тоғыстыратын серіктес болуды ұсынып отыр.