Президент Бішкекте ШЫҰ жаңғыртудың ауқымды бағдарламасын ұсынды

Президент Бішкекте ШЫҰ жаңғыртудың ауқымды бағдарламасын ұсынды

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 26-отырысына қатысты. Мемлекет басшысы ұйымды одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар маңызды бастаманы ортаға салды. Сонымен, 10 мемлекет мүшелікке кіретін ұйымға Президент қандай ұсыныс жасады.

Биыл «Шанхай бестігіне» - 30 жыл. Ал ШЫҰ-ның құрылғанына 25 жыл толып отыр. Әуелде Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның басын қосқан ұйымның мақсаты - шекара маңындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, мемлекеттер арасындағы өзара байланысты нығайту еді. Қазір құрамында 10 ел бар. Олар: Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Үндістан, Пәкістан, Иран және Беларусь. Бұдан бөлек, ұйымның екі бақылаушы мемлекеті мен 14 диалог серіктесі бар. Ұйымның географиясы ұлғайған сайын күн тәртібі де кеңейіп келеді.  Биыл саммитті Қырғызстан қабылдады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жиынды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қырғыз басшысы Садыр Жапаровқа алғыс айтты. Басқосу Қырғызстан мен Өзбекстан тәуелсіздігінің 35 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Осыған орай Мемлекет басшысы қос ел президентін мерейтоймен құттықтады.