Президент Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді

Президент Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді

Бүгін Президенттің төрағалығымен аса маңызды минералдар, соның ішінде сирек кездесетін металдар саласын дамыту мәселелері жөнінде Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның өндіріс әлеуеті жағынан Орталық Азияда көш бастап тұрғанын айтып, мұны мемлекет мүддесіне пайдалану қажет деді. Өйткені қазір әлемде аса маңызды материалдарға қол жеткізуде мемлекеттер арасындағы бәсекелестік күшейген. Технологиялық жағынан да стратегиялық маңызға ие. Демек, Қазақстан қолда бар ресурстар мен өнеркәсіп әлеуетін тиімді пайдаланып, өз мүмкіндіктері мен өндіріс тізбегін дәйекті түрде дамытқаны жөн. Отырыс қорытындысы бойынша Үкімет пен тиісті мемлекеттік органдарға саланы дамытуға қатысты бірқатар тапсырмалар берілді. Мәселен, геологиялық барлау мен өңдеу ісін дамытып, техногенді минералдық түзілімдерді экономикалық айналымға қосу қажет. Зертханалар базасы мен кадрлар жағы да реттеліп, әкімшілік кедергілерді жою тетіктері қаралуы шарт.¤