«Орталық Азия» халықаралық өнеркəсіптік кооперация орталығы құрылады

«Орталық Азия» халықаралық өнеркəсіптік кооперация орталығы құрылады

Қазақстан мен  Қырғызстан шекарасында Индустриялық сауда-логистикалық кешен салынады. Ал Өзбекстанмен бірлесіп «Орталық Азия» халықаралық өнеркəсіптік кооперация орталығын ашамыз. Онда түрлі бағыттағы 25 кəсіпорын шоғырланбақ. Сондай-ақ, электрондық сауданы дамыту туралы келісім жобасы əзірленді. Бүгін  Шолпан ата қаласында, Ыстықкөлдің жағасында алты елдің Президенті бейресми бас қосып, жиын өткізді.

Қазақ-Қырғыз бір туған. Қос елдің саяси сахнадағы серті бір. Қазір Қазақстан Қырғызстанның үшінші ірі сауда серіктесі. Былтыр арадағы тауар айналымы 2,2 млрд долларға жеткен. Оның 1,66 млрд-ы экспорттың еншісінде. Тек соңғы бес айдың өзінде сауда саттық 550 млн доллардай болды. Бейресми кеңеске келген Қасым-Жомарт Тоқаев алғы сөзін алғыстан бастады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қырғыз халқы мен қазақ халқы – бауырлас елдер, бір туған ағайынбыз. Арамызда қалыптасқан достық, өзара сенім, туыстық және қолдау – ата-бабаларымыздан мирас болып қалған қасиетті аманат әрі мәңгілік құндылық. Бүгінде біз Қырғызстанның қарқынды дамуына шын жүректен қуанып отырмыз.

Ыстықкөл жағасындағы жиынның саяси салмағы ауыр. Өйткені, бірінші кезекте аймақтық қауіпсіздік мәселесі тұр. Екіншіден, бірге бекемдейтін цифрлық технологиялар тағы бар. Ал, үшіншіден биыл Әзербайжан алғаш рет форматтың толыққанды мүшесі ретінде қатысып отыр.

Ильхам Әлиев, Әзербайжан Республикасының Президенті:

- Бүгінде Орталық Азия мен Әзербайжан біртұтас геосаяси әрі  геоэкономикалық кеңістікке айналып келеді. Бүгін мен осы консультативтік кездесуге алғаш рет толыққанды мүше ретінде қатысып отырмын. Осы орайда былтыр Өзбекстанда қабылданған тарихи шешім үшін Орталық Азия мемлекеттерінің барлық басшыларына алғысымды білдіремін.

Осымен достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа толық қол қойылды. Енді, экономикалық, энергетикалық, көлік-логистикалық, өнеркәсіптік бағыттарды алты ел бірлесе дамытады. Бұл тұста, Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен бірнеше басым бағыттарға назар аударуды ұсынды.