Мемлекет басшысы Вице-президентті қабылдады
Мемлекет басшысы Вице-Президентті қабылдады. Ішкі саясаттың басым бағыттары, Президент тапсырмаларын орындалуы, оның ішінде Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуында және Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында айтылған міндеттерді іске асыру жөніндегі есебін тыңдады. Ерлан Қарин конституциялық құндылықтарды түсіндіру және насихаттау, «Таза Қазақстан» жобасын жүзеге асыру, жаңа қоғамдық этика қалыптастыру, «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету, «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасын енгізу бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Сондай-ақ этносаралық келісімді нығайту, балалардың құқығы мен мүддесін қамтамасыз ету, мемлекеттік ақпараттық саясатты жетілдіру секілді ішкі саясаттың негізгі бағыттары жөнінде мәлімет берді. Кездесу соңында Президент конституциялық қағидаттар мен құндылықтар ұлттық болмыс пен қоғамдық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналуға тиіс екенін атап өтіп, бірқатар тапсырма берді.