Ұлытауда төрт теміржол вокзалы ашылды

Ұлытауда төрт теміржол вокзалы ашылды

Ұлытауда бір күнде төрт вокзал ашылды. Жаңарған нысандардың қатарында Жезқазғандағы 85 жылдық тарихы бар теміржол бекеті бар. 1941 жылы салынған екі вокзалдың аумағы 582 шаршы метр еді. Жаңғырту жұмыстарынан кейін 4 жарым есе ұлғайды. Инженерлік желілер толық жаңарды. Ішкі және сыртқы келбеті өзгерді. Жаңа жиһаздар мен қажетті құрал-жабдықтар орнатылды. Айналасы абаттандырылды. Вокзал орталық жылу жүйесіне қосылып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Жаңарған нысан бір мезетте 441 жолаушыны қабылдап, тәулігіне 1 мың 907 адамға дейін қызмет көрсете алады. Бүгінде Жезқазған станциясынан Астана, Алматы, Павлодар, Қызылорда және Қарағанды бағыттарына 12 жолаушылар пойызы қатынайды. Бүгін дәл осындай жаңғыртудан кейін Қаражал, Қызылжар, Жаңаарқа вокзалы ашылып, ел игілігіне берілді.

¤¤

Өркен Әбеуова, Жезқазған қаласының тұрғыны:

-Бүгін Жезқазған қаласында заманауи сәулет пен айшықты келбетті үйлестірген осы әсем ғимараттың салтанатты ашылуы өтіп жатыр. Қаламыздың көркін арттырып, алдағы уақытта да тұрғындарға қызмет ете берсін. Осы нысанның құрылысы мен жаңғырту жұмыстарына атсалысқан барша азаматқа еңбектеріңіз жемісті, кәсіби жолдарыңыз абыройлы болсын деп тілеймін.