Кеңсуат негізгі мектебінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді
Батыс Қазақстан облысында 8 ауылдың балалары жаңа оқу жылын жаңа мектепте қарсы алды. Шағын жинақты білім ордаларының жетеуі жер қойнауын пайдаланушы компанияның қолдауымен, енді бірі жергілікті бюджет есебінен бой көтерді. Кеңсуат негізгі орта мектебінің жаңа ғимаратын ашу рәсіміне аймақ басшысы Нариман Төреғалиев қатысып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты.
2023 жылдан бері
өңірде 12 мыңға жуық орынға лайықталған 38 жаңа мектеп салынды. Оның 90 пайызы
ауылдық елді мекендерде орналасқан. Соның бірі бүгін Кеңсуат ауылында есігін
айқара ашты. Аймақ басшысы Президент тапсырмасымен білім беру инфрақұрылымын
дамыту жобалары жүйелі жалғасатынын жеткізді.