Қазақстан тамызда Германияға 100 мың тонна мұнай жібереді
Қазақстан тамыз айында Германияға 100 мың тонна мұнай жіберуді жоспарлап отыр. Жанармай «Дружба» құбыры арқылы тасымалданады. Бұған дейін «Дружба» мұнай құбырының Германия бағытындағы екі тармағының бірі Польшадағы учаскеде ағып кету салдарынан өшірілгеніне қарамастан, елімізге ешқандай шығын келмейді. Жақын арада жеткізілім қайта басталады. Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлады. Ал, шілде айының басында еліміз осы Еуропа мемлекетіне үш жүз мың тоннаға жуық «қара алтын» экспорттады.
Айта кетейік, отандық ірі мұнай-газ компанияларының бірі биыл бұл өнім жеткізілімін ұлғайту үшін квота алды. Оған сәйкес, Қазақстан биыл Германияға миллион тоннадан астам мұнай жібере алады. Мамандардың айтуынша, бірінші партия алты ай бұрын – ақпан айында жөнелтілді.
Темірлан Үркімбаев, ҚР энергетика министрлігі департаменті
директорының орынбасары:
- PERN Польша
құбыр операторы бізге мұнай жеткізуде қиындықтар болуы мүмкін екенін
ескертпеді. Сондықтан, негізінен, бәрі қалыпты жұмыс істеп тұр. Олардың
мәліметінше, мұнай жетікізілімі қайта жанданады, сонымен қатар ешқандай қиындық
туындамайды. Орын алған оқиғаға байланысты бізге үстіміздегі жылдың тамыз
айында мұнай Самарадан одан әрі Адамово Заставасына бағытталатыны туралы
хабарланды.