Көлік дәліздері жаңарып, тасымал уақыты қысқарды
Қазақстанда кейінгі 3 жылда 19 мың шақырымнан астам автожол салынып, жөнделген. Бұл тікелей Президент тапсырмасымен қолға алынған шара. Үкіметтің мәліметінше, ірі магистральдарды жаңарту шалғай аудандарға қатынауды едәуір жеңілдетті. Мәселен, Батыс Қазақстан облысының үш ауданынан Оралға жету уақыты 12 - 14 сағаттан 5 - 6 сағатқа дейін қысқарған. Теміржолда соңғы 5 жылда 911 шақырым жаңа желі тартылды, қазір тағы 800 шақырым салынып жатыр. Әуе қатынасы да кеңейді. Ішкі бағыттардағы рейстер аптасына 890-ға жетті. Көлік дәліздері цифрландырылып жатыр. Транскаспий бағытына енгізілген электронды жүйелер кедендік рәсімдеуді 8 сағаттан 30 минутқа дейін қысқартты. Соның нәтижесінде Қытайдан Грузия мен Түркия порттарына жүк жеткізу мерзімі бұрынғы 38 тәуліктен 13 - 17 тәулікке дейін азайды. Ендігі меже оны тұрақты түрде 10 - 12 тәулікке түсіру.