IT жүйелерін басқаруда жасанды интеллектінің рөлі артып келеді

IT жүйелерін басқаруда жасанды интеллектінің рөлі артып келеді

Цифрлық қызметтердегі ақауды енді жасанды интеллект анықтайды. Сондай-ақ, олардың себебін түсіндіріп, алдын алуға көмектеседі. Бұл елдегі компаниялардың цифрлық инфрақұрылымды басқару тәсіліне өзгеріс әкелмек. Жаңа технологияның мүмкіндіктері бүгін Astana Hub-та өткен AI Week аясында талқыланды. Жиынға Performance Expert пен Dynatrace сарапшылары қатысты.

IT инфрақұрылымы көптеген жүйеден тұрады. Сондықтан әр серверді жеке бақылау жеткіліксіз. Бір жердегі ақау тұтас жүйенің жұмысына әсер етуі мүмкін. Мұндайда Observability технологиясы көмектеседі. Ол IT жүйелерінен жиналған деректерді біріктіріп, олардың қалай жұмыс істейтінін тұтас бағалауға мүмкіндік береді.

Паули Каракяйнен, Dynatrace аймақтық директоры:

- Observability технологиясы арқылы жүйедегі толық көріністі бағалай аламыз. Әртүрлі технологиялардың бір-бірімен қалай байланысатынын, олардың бизнеске қалай әсер ететінін көреміз. Яғни мәселенің қай жерде туындағанын ғана емес, оның себебін және қандай салдарға әкелуі мүмкін екенін де анықтай аламыз.

Жасанды интеллект орасан көп деректі жылдам өңдеп, ақаудың себебін табуға көмектеседі. Бірақ оның дұрыс қорытынды жасауы үшін сапалы ақпарат қажет. Сондықтан Observability технологиясы маңызды құралға айналып отыр.