Экспорт ұлғайып, импорт төмендеді
Үш министрлік бір айда Қазақстанда өндірілуі қажет импорттық тауарлардың тізбесін айқындайды. Яғни, отандық тауарларды өткізуге және экспорттауға кедергі келтіретін талаптар мен шектеулер қайта қаралмақ. Бүгін Үкімет отырысында отандық тауар өндіру мәселесі қаралды. Олжас Бектенов қазір отандық тауарларды қаралауға бағытталған ақпараттық науқан жүріп жатқанын айтып, министрлер кабинетіне қадағалауды тапсырды. Әрі цифрлық жүйенің қолданысқа берілуі азық-түлік бағасын тұрақтандыруға ықпал етпек.
Елде ішкі тауар айналымының көлемі 15,3%-ға артып, 36,2 трлн теңгеге жетті. Негізгі өсім азық-түлік сегментімен тығыз байланысты. Сәйкесінше, экспорт ұлғайып, импортқа тәуелділік төмендеп келеді. Бүгінде отандық тауарөндірушілер ішкі сұранысты толық қамтып отыр.
Арман Шаққалиев, ҚР сауда және интеграция министрі:
- Азық-түлікке жатпайтын секторға келсек, бес айдың қорытындысы бойынша шикізаттық емес тауарлар экспорты 12%-ға өсіп, $10 млрд-тан асты. Ал импорт көлемі 4,4%-ға өсті.
Қазір Қазақстанда отандық өндірушілерді қолдау шаралары күшейтілген. Әсіресе, тауарларды «Қазақстанда жасалған» белгісімен таңбалау ісі қарқынды. Бұл отандық тауарларға деген сұранысты арттырмақ. Бұдан бөлек, саладағы цифрландыру мәселесі өзекті.
Арман Шаққалиев, ҚР сауда және интеграция министрі:
- Ірі сауда нысандары мен базарлар үшін жалдау ақысын қалыптастырудың ашық ережелері белгіленді. Оны жылына бір рет ғана қайта қарауға болады.
Ауылшаруашылығы — экономиканың салмақты салаларының бірі. Үкімет бұл бағыттағы өндіріс көлемін кеңейтуді көздеп отыр. Яғни, биыл тағы 19 сут-тауарлы фермасы іске қосылмақ. Ал, бұл негізгі азық-түлік өнімдерінің 80 пайызын өндіретін болады. Зауыт салуға жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары да қарастырылған.
Азат Сұлтанов, ҚР ауылшаруашылығы вице-министрі:
- Жалпы жылдық қуаттылығы 500 мың тоннадан асатын 95 сүт-тауар фермасы қаржыландырылды, оның ішінде 71 ферма пайдалануға берілді.
Айтпақшы, агро өнеркәсіп саласындағы экспорт ұлғайып
келеді. Былтыр көрсеткіш 7 млрд долларға жеткен. Оның жартысынан астамы қайта
өңделген өнімдер. Экспортты ынталандыру шараларының арқасында отандық өнім
Марокко, Алжир, БАӘ, Вьетнам және бірқатар еуропа елдерінің нарықтарына шықты.