Екі мыңнан астам қазақстандық әйел IT-мамандықтарды меңгереді

Екі мыңнан астам қазақстандық әйел IT-мамандықтарды меңгереді

2 мыңнан астам қазақстандық әйел IT- мамандықтардың қыр сырын меңгереді.  IT-Aiel жобасы аясында бағдарламалау негіздеріне машықтау курстары 1 тамызда басталады. Оқу - онлайн форматта қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Бұл туралы арнайы брифинг барысында Astana Hub халықаралық технопаркінің басқарушы директоры мәлімдеді. Алина Абдрахманованың айтуынша, өтініш ел бойынша қабылданған. Осы бағдарламаға қатысушылар негізгі компьютерлік сауаттылық пен No Code School және Freelance School курстарынан өтеді.

Алина Абдрахманова, Astana hub басқарушы директоры:

- No Code School бағдарламасының мақсаты қатысушыларға IT-өнімдерді бағдарламалауды қажет етпестен тез жасауды үйрету. Сондай-ақ, стартап-жобаларды құру және оларды дұрыс сынау үшін қажет  негізгі ережелерді барынша меңгеруіне септесу. Бағдарлама тыңдаушылары лендингтерді, сайттарды, мобильді қосымшаларды, чат-боттарды және маркетплейстерді құруға арналған актуалды no code құралдарын зерделеу бойынша материалдарды ұсынатын онлайн сабақтарға қол жеткізеді.

Аталмыш бағдарлама елімізде ақпараттық технологиялар саласында әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған. Оқу қурсынан толық өткен түлектерге жаңа дағдыны меңгергендігі жөнінде сертификат беріледі. Ең бастысы жаңа кәсіп бастаудың мүмкіндігі туады.

Әзиза Шөжеева, «Techno women» КЕҰ президенті:

- Біздің «TECHNO WOMEN» ұйымы IT-Aiel жобасының аясында менторлық қолдау көрсетеді. Біз оларға нақты сәтті жұмыс істеп тұрған жобалардың негізінде әйелдер үшін осы салада қандай мүмкіндіктер бар екенін көрсетеміз. Түрлі кездесулер мен вебинарлар ұйымдастырамыз. Осы жоба бойынша оқуын тәмамдаған соң олар электронды коммерция мектебінде тегін оқу мүмкіндігіне ие болады. Яғни, бұл бағытта  алған білімдерін табысты іске айналдыра алады.