Еңбек биржасында жалақысы 2 млн теңгеден асатын вакансиялар да бар
Қазақстанда 145 мыңнан астам адам жұмыс іздеп
жүр. Шілде айымен салыстырғанда тамызда бұл дерек 2,8 пайызға артқан. Ал
электронды еңбек биржасында 106 мыңға жуық бос жұмыс орны бар. Еңбек
министрлігінің ақпарына қарағанда, тамыз айында жұмыс берушілер жариялаған ашық
вакансия 25,8%-ға артқан. Тек сұраныстың басым бөлігі білім беру саласына
қатысты. Сондықтан көп жағдайда сұраныс пен ұсыныс сәйкес келмей жатады.
Enbek.kz платформасында ең көп жалақы ұсынатын вакансиялар қатарында тау-кен
мен киберқауіпсіздікке қатысты қызметтер бар. Мұндағы жалақы 1 млн-нан 2 млн
теңге аралығында көрсетілген. Жұмыс іздеушілердің арасында 35 жасқа дейінгі
азаматтар басым. 35-44 жастағылардың үлесі - 25,8%, 45–54 жастағылар - 14,6%,
ал 55 жастан асқандар - 6,7%. Түйіндемелердің 60,6%-ын әйелдер, 39,4%-ын ерлер
орналастырған.