Е. Қарин: Қазақстан картасында жаңа жол пайда болады
«Осы «Бейнеу – Сексеуіл» жолының құрылысын бастаудың мәні зор. Аталған жолдың қажеттілігі жөнінде Мемлекет басшысы 2021 жылы өңірдің дамуына байланысты Ақтауда өткен жиында айтқан болатын». Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында осылай деп жазды. Ол «Бейнеу – Сексеуіл» жол құрылысының бірнеше ерекшелігі мен маңызына тоқталды. Біріншіден, бұл – мүлде жаңа жол. Екіншіден, Қазақстандағы негізгі күретамыр жолдардың бәрі кезінде оңтүстіктен солтүстікке қарай салынған. Темір жолдардың да, автомобиль жолдарының да негізгі бағыты солай құрылған. Ал Мемлекет басшысы еліміздің транспорттық жүйесін түбегейлі өзгертуде. Яғни, республика өңірлерін көлденеңнен байланыстыруға назар аударуда. "Алғаш рет 2021 жылы Ақтауда өткен жиында бастама ретінде көтерілген, былтырғы Жолдауда айрықша маңыз берілген және Ұлттық құрылтайдың Қызылордадағы биылғы отырысында шегелеп тапсырылған Президент бастамасы нақты орындалу кезеңіне шықты" деп жазды Ерлан Қарин.