«Болашақ ойындары – 2026»: PUBG-дегі тартыс басталды
«Болашақ ойындары –
2026» турнирінде PUBG ойыншылары да додаға қосылды. Battle Royale форматындағы
жарысқа әлемнің үздік 16 командасы қатысып жатыр. Үш күн ішінде олар 15 матч
өткізіп, үздік ұжымды анықтайды. Ал Қазақстанның намысын бұл бәсекеде Diga Esports
командасы қорғайды.
Дильназ Ерланқызы, тілші:
- Бұл ойын шынайы алаңдағы тартыстан кем емес. Қазір мұнда 64 ойыншы бір мезетте виртуалды алаңға түсіп, өзара шайқасып жатыр. Менің артымда алғашқы кезеңнің ойыншылары қызу бәсекеге кірісті. Әрқайсысы қарсыласының қимылын аңдап, өзіне тиімді сәтті күтіп отыр. Бір қателіктің өзі ойыннан шығарып жіберуі мүмкін.
PUBG-дегі басты
мақсат – қарсыластардан басым түсіп, соңына дейін ойыннан шықпау. Сондықтан мұнда
мергендікпен қатар, команданың ауызбіршілігі мен дұрыс стратегия да аса
маңызды. Биылғы додаға әлемдік киберспортта өзін дәлелдеген 16 команда жиналды.
Олардың қатарында Қазақстан атынан сынға түсіп жатқан DIGA Esports та бар. Төрт
ойыншыдан құралған ұжым негізгі кезеңге іріктеу арқылы жолдама алған.