Бельгия Королінің Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары басталды
Қазақстан мен Бельгия жасанды интеллект зертханасын ашып, сирек металдарды зерттейтін орталық құрады. Ал қызметтік паспорт иелері БеНиЛюкс елдеріне визасыз бара алады. Бүгін Ақордада Бельгия Королі Филипп пен Патшайым Матильданы ресми қарсы алу рәсімі өтіп, екі ел басшылары келіссөз жүргізді. Жалпы Бельгия тарапынан 100-ге жуық делегат келіпті. Ал нәтиже қандай? Дильназ Ерланқызы толықтырады.
Дильназ Ерланқызы, Тілші:
- Бүгін Ақорда Бельгия Королі Филипп пен Патшайым Матильданы қарсы алып жатыр. Бұл сапардың жөні бөлек. Филипп Қазақстанға бұған дейін үш рет мұрагер ханзада ретінде келген. Ал бүгін елімізге Король мәртебесінде алғаш рет табан тіреді. Бұл Бельгия монархының Қазақстанға ғана емес, Орталық Азияға тұңғыш мемлекеттік сапары. Әрине, сапардың мәні салтанатты рәсіммен шектелмейді. Бельгиямен байланыстың беки түсуі келіссөздердің нәтижелі болуына байланысты болмақ.
Бельгия еліміздің Еуропадағы уақыт сынынан сүрінбей өткен сенімді
серіктесі. Екі ел дипломатиялық қатынасына 35 жыл толады. Бірақ байланыс тек саяси
диалогпен шектелмейді. Соңғы он жылда тауар айналымы үш есе өскен. Былтырдың
өзінде екі елдің алыс берісі 582 млн доллардан асқан. Біз Бельгияға түрлі
шикізат пен металл өнімдері экспорттаймыз. Ал бұл елден көбіне дәрі-дәрмек,
техника және өндірістік жабдықтар аламыз. Бельгияның Қазақстанға салған
инвестициясы да қомақты.