Баскетболды дамыту үшін Қазақстан FIBA-мен бірлесіп жұмыс істейді
Қазақстанда бұқаралық
және кәсіби баскетболды дамытуға басымдық берілмек. Бүгін Президент
Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық баскетбол федерациясының Президенті шейх Сауд
Али Әл-Тәниді қабылдады. Кездесуде федерациямен бірлескен жобаларды іске асыру
мәселесі талқыланды. Биыл елдегі баскетболға 100 жыл толып отыр. Қазір бұл
спортқа балалар мен жастар арасында қызығушылық артып келеді. Президент,
әсіресе 3×3 форматының танылып келетінін
айтты. Сондықтан жас баскетболшыларды даярлау мен кәсіби спортшыларға жағдай
жасау мәселелеріне жеке тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен баскетболдың
жанкүйері болдым. Әлі де анда-санда ойындарды көріп тұрамын. Әрине, қазір
баскетболдың тактикасы да, ойыны да түбегейлі өзгерді. Бүгінде жұрт АҚШ-тың NBA
ойындарын қызыға көреді. Ал Қазақстанда біз баскетболды одан әрі дамытып, оны
жоғары деңгейге көтергіміз келеді. Қазір баскетболдың 5×5, 3×3 сияқты түрлі
форматтары бар. Бұрын мұндай бөлініс болмаған, заман өзгеріп жатыр. Ашық айтсам,
бізді әсіресе 3×3 баскетболы қызықтырады.
Президент FIBA президентін «Достық» орденімен марапаттады
Мемлекет басшысы
жаһандық спорт ұйымының президенті шейх Сауд Али Әл-Тәниге отандық баскетболды
дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Осылайша, федерация басшысын ІІ
дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.