Қазақстандықтар FIA дрифт кубогын жеңіп алды

Қазақстандықтар FIA дрифт кубогын жеңіп алды

Алматы облысында Central Asia Drifting Cup 2026 Халықаралық дрифт турнирі мәресіне жетті. Бұл Орталық Азиядағы алғашқы ресми сайыс. Үш күнге созылған додада Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан және Ресейден келген 20 үздік пилот бақ сынады. Доданың жалпы жүлде қоры 30 мың долларды құрады.

Іріктеу кезеңінде Қырғызстан өкілі алға шыққанымен, жұптық сайыстарда бірқатар фаворит жарыс жолынан шығып қалды. Тартысты бәсекеде қазақстандық пилоттар шеберліктерін көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінді. Ал 16 жастағы моңғолиялық спортшы Білгүүн Эрхэмбаяр жасына қарамастан жоғары дайындық деңгейін көрсетті.

Білгүүн Эрхэмбаяр, Моңғолия спортшысы:

-Халықаралық дрифт жарысына алғаш рет қатысып отырмын. Өзіме қатты ұнады, жақсы тәжірибе болды. Қарсыластар мықты екен. Басында біраз қобалжыдым. Жарысқа кешігіп келгендіктен, іріктеу алдында трассада жеткілікті жаттыға алмадым.

Дрифтте жеңіске жету үшін көлікті жоғары жылдамдықта шебер басқарудың жеткіліксіз. Төрешілер пилоттың траекториясын, дрифт бұрышын, жылдамдығын және көлікті басқару мәнерін де бағалады. Әрбір қозғалыс қорытынды ұпайға әсер етті.

Янис Блуш, ұйымдастырушы:

- Трасса өте керемет, ең жақсылардың бірі дер едім. Мұнда жарысты кез келген нүктеден тамашалауға болады, трибуналар да өте ыңғайлы. Әрине, жол оңай емес, әсіресе соңғы бөлігі сәл қиындау. Бірақ бұл пилоттардың шеберлігін көрсетуге таптырмас мүмкіндік.

 «Сокол» халықаралық автодромындағы тартысты бәсекеде отандасымыз Олег Хридочкин топ жарса, екінші және үшінші орынды да біздің пилоттар өзара бөлісті. Бұл жарыс Орталық Азияда дрифт спортының көкжиегін кеңейтіп, отандық шабандоздарға әлемдік аренаға жол ашқан маңызды қадам. Енді үздіктеріміз халықаралық деңгейде ел намысын қорғайды.