Қазақстан Қытаймен мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті нығайтуға дайын - Президент

Қазақстан Қытаймен мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті нығайтуға дайын - Президент

Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілді. Астана Бейжіңмен мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті дәйекті түрде нығайтуға, ынтымақтастыққа жаңа жол ашуға әзір. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Синьхуа агенттігіне берген жазбаша сұхбатында осылай деді. Президент халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар мәселе жөнінде пікір білдірді. Атап айтқанда, Қазақстан мемлекеттердің аумақтық тұтастығына қатысты халықаралық қағидалардың бұзылуына қарсы екенін атап өтті. Әрі халықаралық құқық талаптарының сақталғанын құптайды. БҰҰ-ның рөлін күшейту қажет. Қақтығыстар бейбіт жолмен шешілуі керек,-деді Президент. Қазір екі ел көлік-логистика саласына басымдық беріп отыр. Жасанды интеллект саласындағы байланысты да күшейтпек. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Цифрлық экономика, зияткерлік өндіріс, электрондық коммерция, ғылыми зерттеулер және кадр даярлау салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қос тарап та мүдделі. Дәл осы технологиялық ынтымақтастық қазақ-қытай қарым-қатынасының жаңа кезеңіндегі маңызды бағыттардың біріне айналуы мүмкін. Бұл мәселеде біздің ұстанымымыз Қытайдың көзқарасымен үндеседі. Биыл шілде айында Шанхайда Қазақстан Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымның (WAICO) негізін қалаған 29 мемлекеттің қатарына қосылды. Бұл - жасанды интеллект саласында мемлекеттердің күш-жігерін үйлестіретін ашық әрі тиімді халықаралық жүйе қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.