Қазақстан драма театрларының ХХХI республикалық фестивалі басталды
Қызылордада Қазақстан
драма театрларының ХХХI республикалық фестивалі басталды. Жыл сайын өткізілетін
дәстүрді өнер додасы биыл қазақ театртану ғылымының көрнекті өкілі, белгілі
театр сыншысы, профессор Бағыбек Құндақбаевтың ғасырлық мерейтойына арналып
отыр.
Бағыбек Құндақбаев Сыр топырағында құндақталған, әдебиет мен театрды құнттаған, ұлы өнерді ұлықтаған қазақтың біртуар тұлғасы. Ол белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай екеуі бірлесіп қазақ жерінде тұңғыш рет театртанушы ғалымдар мектебін қалыптастырды. Театрмен қатар драматургия саласын зерттеп, пьесалардың жазылу, қойылу тарихына тоқталып, терең талдаулар жасады.
Бақыт Нұрпейіс, театртанушы, өнертану докторы:
- Бағыбек Құндақбаевтың есімі республикада ғана емес алыс жақын шетелге танымал. Өйткені қазақ театр өнерінің қалай дамып бара жатқанын, Қызылорда қаласында 1926 жылы шаңырақ көтерген театрдың дамуынан бастап бүкіл облыстық театрлардың қалай өсіп өркендеуі туралы сүбелі еңбектер қалдырған.
Тұңғыш кәсіби қазақ театрының іргесі қаланған Қызылордада қазақ театртану ғылымының көрнекті өкілінің ғасырлық мерейтойы аталып өтті. Республикалық фестивалінің ашылу рәсімінде салтанатты шеру ұйымдастырылып, қонақтарға құрмет көрсетілді.
Қазақстан драма
театрларының ХХХI республикалық фестиваліне еліміздің 10 өңірінен белгілі өнер
ұжымдары келді.