Қазақ-герман қаржылық платформасы құрылады
Қазақстан мен
Германия арасында инвестициялық-қаржылық платформа құрылады. Бұл бастаманы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Берлинге сапары аясында ұсынды. Президент
бүгін Германияның іскер топтары мен қаржы институттарының өкілдерімен кездесті.
Онда екі ел арасындағы инвестициялық байланысты күшейту мәселесін талқылады.
Дильназ Ерланқызы, тілші:
- Берлиндегі кездесудің негізгі өзегі - неміс капиталы мен технологиясын Қазақстанның ресурсы мен өндірістік мүмкіндіктерімен ұштастыру. Осы мақсатта Мемлекет басшысы қазақ-герман инвестициялық-қаржылық платформасын құруды ұсынды. Ол екі елдің қаржы институттары мен бизнесін байланыстырып, бірлескен жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік бермек. Жобаларды «Бәйтерек» холдингі құрылымдайды. Тағы бір басым бағыттың бірі - критикалық шикізат. Яғни, ресурсты жай экспорттау емес, оны Қазақстанда терең өңдеп, дайын өнім шығару.
Президент, сонымен бірге энергетика, көлік, өндіріс және цифрландыру салаларындағы бірлескен жобаларды ұсынды. Мысалы, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, «жасыл» сутегі өндіру, заманауи өндірістер ашу көзделіп отыр. Ал цифрландыру бағытында деректер орталықтары, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік жобалары қолға алынбақ. Alatau Cityге де неміс компаниялары жаңа технологиялық жобаларға инвестиция сала алады. Жалпы, Қазақстан неміс бизнесін осындай нақты жобаларға бірге жұмыс істеуге шақырып отыр.
Былтыр Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымы 9 миллиард долларға жетіп, 13,5 пайызға өскен. Қазақстан Германияға негізінен мұнай, ферроқорытпа, мыс пен күміс экспорттайды. Ал Германиядан дәрі-дәрмек, ауыл шаруашылығы техникасы, медициналық құрал-жабдық және өндірістік техника аламыз. Ендігі мақсат - сауда көлемін ғана емес, оның құрылымын өзгерту. Яғни Қазақстаннан өңделген өнім экспорттап, Германиядан технология мен инвестиция тарту. Президент сапар аясында Германияның іскер тобымен кездеседі. Алда Мюнхенде бизнес-форум да жоспарланған.