Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 9,8 трлн теңгеге жетті

Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 9,8 трлн теңгеге жетті

Даланың берекесі артып, ауылдың әлеуеті нығайып келеді. Соңғы жеті жылда аграрлық сектордың өнімі ақшалай есеппен екі еседей өсіп, 9,8 триллион теңгеге жетті. Астық пен мал өсірумен шектелмей, оны өңдеп, әлемдік нарыққа шығару ісі де қарқын алды. Азық-түлік өндірісі 2,4 есе, экспорт көлемі екі еседен астам ұлғайған. Ал инвестицияның артуы мен жаңа технологиялардың енгізілуі ауыл еңбегінің өнімділігін арттыруға жол ашып отыр. Жеті жылда елдің аграрлық әлеуеті қалай өзгерді? Алтынбек Әмит тарқатады.

¤

Егін бітік шықса, елдің қамбасы толады. Бірақ бүгінгі ауыл шаруашылығының табысы тек жиналған астықпен өлшенбейді. Өнімнің қаншасы өңделді, қаншасы сыртқа сатылды, шаруаның еңбегі қаншалықты ақталды? Маңыздысы осы. Соңғы жеті жылда аграрлық сектордың жалпы өнімі 5,2 триллион теңгеден 9,8 триллионға жеткен. Өсімнің елеулі бөлігі егін шаруашылығына тиесілі. Бұл бағыттағы өндіріс құны 2 есе, мал шаруашылығында 1,7 есе артты.

Осы кезеңде еліміздегі азық-түлік өндірісі 1,7 триллион теңгеден 4 триллионға дейін ұлғайған. Сусын шығару көлемі де ақшалай есеппен 2,5 есе өсті. Өңдеу ісінің кеңеюі сыртқы саудадан да байқалады. Жеті жыл бұрын 3,3 миллиард доллар болған ауыл шаруашылығы экспорты қазір 7 миллиард долларға жеткен.