Қасым-Жомарт Тоқаев және Бельгиялықтар Королі Филипп пен Патшайым Матильда Ұлттық музейді аралады
Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгиялықтар Королі Филипп және Патшайым Матильдамен бірге Ұлттық музейді аралады. Мәртебелі меймандар Ұлы даланың мәдени-тарихи мұрасын паш ететін экспозицияларды тамашалады. Бірегей археологиялық қазбалар, ежелгі зергерлік өнер үлгілері, соның ішінде Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» мен Берел, Талды-2, Тақсай, Шілікті обаларынан шыққан алтын бұйымдар қойылған Алтын залына ерекше назар аударылды. Этнография залында қонақтар қазақ халқының салт-дәстүрімен, тұрмысымен, материалдық және рухани мәдениетімен танысты. Бельгиялықтар Королі мен Патшайымы Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.