Ақтоғайда мыс балқыту зауытының құрылысы басталды
Абай облысында мыс
балқыту зауыты салынады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы
құрылыстың басталу рәсіміне қатысты. Ақтоғай кен орнында бой көтеретін жаңа
зауыт жылына 300 мың тонна катодты мыс өндіреді. Бұл ішкі нарықтың сұранысын
толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін Қазақстан
жоғары сапалы тазартылған мыс өндіретін әлемдегі жетекші он елдің қатарына
қосылуы мүмкін. Мұнда мысқа қоса алтын, күміс және күкірт қышқылы да
өндірілмек. Жобаға ірі қытайлық компания 1,8 млрд доллар инвестиция құйып отыр.
Жаңа өндіріс ошағы 1 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтымақ. Алғашқы өнімді 2030
жылы алу жоспарланып отыр. Президент өндірісте цифрлық технологиялар мен
жасанды интеллектіні кеңінен қолдануды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Озық шешімдер
кәсіпорынның өнімділігін арттырып, еңбек қауіпсіздігін күшейтуге, апаттардың
алдын алуға мүмкіндік береді. Жақында өткен AI & Digital Bridge форумында
мен Үкіметтің алдына нақты міндет қойдым. Зауыт салу барысында осы мәселені
ескерген жөн. Ең алдымен құрылыс жұмысын сапалы жүргізіп, уақтылы аяқтау қажет.
Елде 9,5 мыңнан астам
кен орны бар. Жылына шамамен 160 миллион тонна кен өндіріліп, 3,5 миллион
тоннаға жуық мыс концентраты шығарылады. Өңдеу өнеркәсібінің де қарқыны артып
келеді. Былтыр саладағы жалпы өнім көлемі 60 миллиард долларға жеткен. Соңғы үш
жылда еліміздің барлық өңірінде 540 индустриялық жоба іске қосылып, 50 мың
тұрақты жұмыс орны ашылған. Президент жұмысшылардың әлеуметтік мәселелеріне
көңіл бөліп, қолайлы еңбек жағдайын жасауды тапсырды. Үкімет пен жергілікті
билік өкілдері де бұл жұмысқа атсалысу керек деді.