7 жылдың нәтижесі: 536 спорт кешені салынған
Жаңа чемпиондар шығару үшін не қажет? Әрине, ең бірінші инфрақұрылымды реттеп, спортшылардың үздіксіз жаттығу жасауына жағдай жасалуы қажет. Мұнда енді Қазақстанның соңғы 7 жылда ауыз толтырып айтарлықтай нәтижесі бар. Мәселен, осы кезеңде 536 спорт кешені тұрғызылыпты. Сөйтіп, халықтың спортпен айналысу мүмкіндігі 44-тен 60 пайызға дейін өскен. Мәселен, Қызылордада УЕФА талаптарына сәйкес келетін 11 мың орындық жаңа стадион пайдалануға берілді. Астанада Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайы мен «Қазақстан» жеңіл атлетика кешені жұмыс істейді. Қостанайда Мұз сарайы бой көтерді. Ал Түркістанда халықаралық деңгейдегі ескек есу каналы мен теннис орталығы ашылды. 4 өңірде инклюзивті спорт кешені бар. Биыл Ұлттық спорт университетінің құрылысы аяқталуы тиіс. Ал жалпы елде 26 мыңнан астам спорт нысаны жұмыс істейді.