7,8 мың шақырым су құбыры желісі жаңартылады

7,8 мың шақырым су құбыры желісі жаңартылады

45 қалада кәріз-тазарту нысандары қайта жаңартылып, жаңадан салынады. Бұл жұмыстарға 800 млрд теңге бөлініп қойған. Бүгін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі арнайы брифинг өткізіп, осындай жоспардың барысын таныстырды. Бұдан бөлек, 2030 жылға дейін 7,8 мың шақырым су құбыры мен су бұру желісі жаңартылуы тиіс. Ұлттық жоба аясында қолға алынатын бұл жұмысқа 1 трлн 100 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар, биыл сумен жабдықтау және су бұру саласындағы 345 жоба бюджет есебінен іске асырылады. Айта кетейік, елдегі кәріз желілерінің 54 пайызы тозған. Ал сарқынды суды тазарту құрылыстарының тозу деңгейі 65 пайыздан асады. Жаңғырту жұмыстары желілердің жұмысын жақсартып, апат санын азайтуға бағытталған.

¤

Бақытжан Жүнісбеков, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы:

- Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде 2029 жылға қарай су құбыры желілерінің тозуын 33%-ға, су бұру желілерінің тозуын 41%-ға дейін төмендету көзделіп отыр. Биыл бұл көрсеткіштерді тиісінше 37 және 52%-ға дейін азайту жоспарланған. Сондай-ақ, ұлттық жоба аясында жалпы құны 356 млрд теңге болатын 146 жоба жүзеге асырылып жатыр. Қазір олардың әрқайсысы дайындық пен іске асырудың әртүрлі кезеңінде.